Іздеу

Шыршалы ормандарды молықтыру

 

 

Ормандар маңызды табиғат ресурстарының бірі болып табылады, олардың  өзіндік ерекшеліктеріне табиғи жаңғыруға қабілеттілігін жатқызуға болады және бұл оларды тұрақты пайдалануға мүмкіндік береді. Сондықтан да ежелгі орман фитоценозын  қазіргі заманға сай жаңғыртудың үлкен тәжірибелік маңызы бар. Ормандарды қайта жаңғырту екпелерді молықтыруды, ормандардың биологиялық әртүрлілігін және олардың пайдалы функцияларын  сақтауды  қамтамасыз етуге тиіс.  Шыршалы ормандар басқа да өсімдік қауымдастықтары сияқты маңызды әлеуметтік және биосфералық функцияларды орындайды.

 

Шығыс Қазақстан облысы аумағында Сібір шыршасы – Picca obovata Ldb өседі.

Шырша - қарағай тұқымдасына жататын қылқан жапырақты, мәңгі жасыл ағаш. Дүние жүзінде Еуразия мен Солтүстік Американың қоңыржай аймақтарында өсетін 45 (кейбір деректерде 35-тен 50-ге дейін) түрі бар. Қазақстанда Солтүстік және Батыс Тянь-Шаньда, Тарбағатайда, Жетісу (Жоңғар) Алатауында, Алтайда таза шырша орманы ретінде өсетін 2 түрі: сібір шыршасы және Шренк шыршасы бар. Сібір шыршасы (Р. ovovata) –биіктігі 30 м-ге дейін, бөрік басы өте сүйір, діңі түзу, бұтақ шоғыры қалың, жайқала өседі. Сұрғылт тартқан қара қабығы бар. Қылтаны төрт қырлы, үшкір, 5 – 7, кейде 9 – 12 жыл бойы сақталады. Тұқымынан көбейеді. Бақта өсетін түрлер – жартылай сүректенген жасыл қалемшелер немесе ұластыру арқылы көбееді.  Сәуір – мамыр айларында гүлдейді, тұқымы тамыз – қыркүйекте піседі. Жемісі – дәнек. Көлеңке сүйгіш ағаш, 300 – 500 жыл жасайды.

 

Сәндік жағынан еуропа шыршасынан қалыспайды және олар сияқты бақ-парк құрылыстары және көгалдандыру, қорғаныштық орман ағаштарын өсіру, қар тоқтататын жолақтарды және өсімдік қоршаулар мақсатында қолданылады. Морфологиясы еуропа шыршасына ұқсас. Олардан иілгіш жас өскіндерімен, ұсақтау бүршіктерімен және тұқым қабыршағының басқадай болуымен (дөңгеленген) ерекшеледі. Қысы ұзақ және температурасы төмен, континенталды ауа-райы жағдайларына бейімделген.

 

 

Шыршаның қолданылу салалары

 

Шыршаның қабығында  8 – 15% илік заттар, қылқанының құрамында С витамині, аскорбин қышқылы, эфир майы, жемісінде 25 – 29%-дай сұйық май болады. Сүрегі жеңіл және жұмсақ, оны құрылыста, целлюлоза-қағаз өнеркәсібінде, музыкалық аспаптар жасауға пайдаланады; шайыр, қара май, скипидар, канифоль, сүрек сірке қышқылы алынады.

Шырша – шайырлы ағаш түрі. Ресейде XVII  ғасырдан бастап шыршадан шайыр ағызып алған, бірақ осыдан 100 жыл бұрын шайыр шырынын қарағайдан ағызып ала бастаған. Германияда қазіргі уақытқа дейін шырша шайыр алынатын негізгі ағаш түрі болып табылады. Қарағайға қарағанда шыршадан шырын алу оңайырақ. Бірақ шырша ағаш діңіндегі жараға сезімтал келеді және тез шіри бастайды, бұл -  шырын ағызу мерзімінің ұзақтығын күрт қысқартуға әкеліп соғады, сондықтан шырын қарағай ағашынан алына бастады. Сібірде шыршадан өнеркәсіптік деңгейде  шырын алынған жоқ және қазір де алынбайды.

Шыршаның сүрегі қарағайға қарағанда жеңілірек және оңай жарылады.  Бұрын олар үй төбесін жабатын материалдар алу үшін кеңінен қолданылған. Шырша аршадан басқа қылқанжапырақтыларға қарағанда әлдеқайда жақсы иіледі.  Сондықтан шырша сүрегі иіп істелетін  заттарды (садақ, шана, аңшы шаңғылары және т.б.)  жасауда кеңінен пайдаланылады.

Шырша сүрегі қағаз өндірісі үшін аса бағалы шикізат болып табылады. Шыршаның қабығы жұқа және дымқыл қалпында созылғыш келеді. Ол уақытша құрылыстардың төбесін жабуға қолданылады. Шыршаның қабығында малма көп, бірақ  жапырақты ағаш тұқымдарының және еменнің малмасынан сапасы  төмен.

Өзен аңғарларындағы шыршалы ормандар су эрозиясын болдырмайды – еріген сулар мен жаңбыр суларын қатты түйіршіктерден тазартады, сөйтіп су қоймаларын  лайланудан  сақтайды.

 


Жұмыс тәртібі

дүйсенбі - жұма: 9:00 – 13:00,
14:30 - 18:30

 

Сұрақ - жауап

Сіз бізге сұрақтарыңызбен келе аласыз

Толық   Онан әрі..